Бiз туралы
БАЙҒАНИН ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ – бастауыш кәсіби білім беретін оқу орны. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүйесінде. Коммуналдық мемлекеттік мекеме. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді селосында орналасқан. Алғаш 1960 жылдың ақпан айында Қарауылкелді поселкесінде №163 Байғанин ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі (УМСХ) болып құрылды, ол кең профильді тракторист-машинист мамандарын даярлауға бағытталды. №163 УМСХ-да аудандағы колхоз, совхоздардан, сондай-ақ Украина, Белоруссия, Молдавия республикаларынан көптеген жастар келіп оқыды. Сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүрді.
Училищенің алғашқы директоры В. В. Фоменко, алғашқы ұстаздары Қосай Батыров, Болат Асанов, Дәулет Есенбаев болды. 1960-1974 жылдар аралығында осы оқу орнында мыңдаған адамдар механизатор, слесарь, автомобиль жүргізушісі мамандықтарын алып шықты. Олардың арасында кейін философия ғылымдарының докторы, профессор Ә. Асаров, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Тілеген Шүңкеев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрнияз Мұқанов, жазушы Ибадулла Сұлтанов, инженер-механик Мырзабай Бердібаев, милиция подполковнигі Жаңабай Жайнауызов т.б. болды.
Училищені (қазіргі колледж) бітіргендердің көбі аудан шаруашылығында механизатор болып жұмыс істеді. 1970 жылдары училище №19 Байғанин кәсіптік-техникалық училище, 2000 жылдардан бастап қазіргі атауымен атала бастады. 1974 жылы №19 Байғанин КМ-де оқу мерзімі 3 жылдық топтар ашылды. Бұларда оқыған курсанттар кәсіби мамандыққа қоса орта білім туралы құжат алды, яғни училищені бітіргендер жоғары оқу орындарына түсіп оқуға құқылы болды.
Құрылғалы бергі уақыт ішінде №19 КМ-ін 12568 адам бітіріп шықты. 1980-1990 жылдары №19 кәсіптік мектебінде тракторшылар, автомобиль жүргізушілері, слесарь-сантехниктермен бірге құрылысшылар да дайындалды, осы оқу орнында механизаторлардың білім көтеру және К-700 тракторын жүргізуге үйрететін курстар болды.