БАЙҒАНИН ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ – бастауыш кәсіби білім беретін оқу орны. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүйесінде. Коммуналдық мемлекеттік мекеме. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді селосында орналасқан.      Алғаш 1960 жылдың ақпан айында Қарауылкелді поселкесінде №163 Байғанин ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі (УМСХ) болып құрылды, ол кең профильді тракторист-машинист мамандарын даярлауға бағытталды. №163 УМСХ-да аудандағы колхоз, совхоздардан, сондай-ақ Украина, Белоруссия, Молдавия республикаларынан көптеген жастар келіп оқыды. Сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүрді.

Училищенің алғашқы директоры В. В. Фоменко, алғашқы ұстаздары Қосай Батыров, Болат Асанов, Дәулет Есенбаев болды. 1960-1974 жылдар аралығында осы оқу орнында мыңдаған адамдар механизатор, слесарь, автомобиль жүргізушісі мамандықтарын алып шықты. Олардың арасында кейін философия ғылымдарының докторы, профессор Ә. Асаров, Қазақ  КСР еңбек сіңірген мұғалімі Тілеген Шүңкеев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрнияз Мұқанов, жазушы Ибадулла Сұлтанов, инженер-механик Мырзабай Бердібаев, милиция подполковнигі Жаңабай Жайнауызов т.б. болды.

Училищені (қазіргі колледж) бітіргендердің көбі аудан шаруашылығында механизатор болып жұмыс істеді. 1970 жылдары училище №19 Байғанин кәсіптік-техникалық училище, 2000 жылдардан бастап қазіргі атауымен атала бастады. 1974 жылы №19 Байғанин КМ-де оқу мерзімі 3 жылдық топтар ашылды. Бұларда оқыған курсанттар кәсіби мамандыққа қоса орта білім туралы құжат алды, яғни училищені бітіргендер жоғары оқу орындарына түсіп оқуға құқылы болды.         

Құрылғалы бергі уақыт ішінде №19 КМ-ін 12568 адам бітіріп шықты. 1980-1990 жылдары №19 кәсіптік мектебінде тракторшылар, автомобиль жүргізушілері, слесарь-сантехниктермен бірге құрылысшылар да дайындалды, осы оқу орнында механизаторлардың білім көтеру және К-700 тракторын жүргізуге үйрететін курстар болды.

Кәсіптік-техникалық мектепті бітіріп шыққандардың бірқатары еңбектегі үздік табыстары үшін КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталды. Осы оқу орнында оқыған Тарғынова Күләш «Ленин» орденімен, Төралин Самберген, Таласов Мамай, Дүйсебаев Оңғарбай, Ерқасымов Жеңіс «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Нұрқасымов Бақытжан «Құрмет белгісі» орденімен, Қарағұлов Жеңіс 3 дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, Теміралин Бексұлтан «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. КСРО медальдарымен және басқа да жоғары наградалармен марапатталғандардың қатарында Жылқышин Түгелбай, Есқалиев Жақсылық, Сейілханов Бақтыбай, Ершуақов Меңдіғали, Есболаев Ешмұхан, Жұмақұлов Виноград, Кәдірбаев Шоң, Нұрасқанов Ықылас, Мұханов Рахат, Жетпісбаева Алма, Ақпанов Нұржан, Васильев Александр Егорович және басқалары бар.

Мектептің оқу-материалдық базасын нығайтуға, жастарға кәсіби білім беру ісін жетілдіруге, оқу сапасын арттыруға, кәсіби-практикалық жұмыстарының тиімді ұйымдастырылуына, жалпы мектептің оқу орны ретінде қалыптасуына В.В. Фоменко, Ғұсман Досқалиев, Сұлтан Әмірғалиев, Жүзбай Жаулин, Жанкелді Қалқаманов, Тұраш Дәрібаев, Бөрібай Сисен басшылық жасады. Сонымен қатар оқытушылар Дәулет Есенбаев, Жақсыбай Сарқұлов,  Мәдір Әуелбаев, Еңсеп Өтенов, Әділхан Хамзин, Сансызбай Дүзбаев, Ержан Таласбаев, Қаржаубай Мекалаев, Қуандық Бусырманов, Құлынтай Сәрсенбаев, Медетбай Қызылов, Райхан Нұрымбетова, Хабибаш Нияз, Зәру Бөлекбаева, т.б. үлкен үлес қосты.

2000 жылдары мектепте «Ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу шебері», «Электронды есептегіш машиналар операторы», «Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылаудың бұрғышысы», «Электр және газбен дәнекерлеуші», «В,С және Д,Е категориялары бойынша автомобиль жүргізу», «Ауыл шаруашылық өндірісінің шебері (фермер)» мамандықтары ашылды.

Колледж түлектері арасынан С. Байішев атындағы университетінің профессоры, ғылым докторы  Ә.Айтбаевты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Н. Мұхановты,  ұзақ жылдар облыстық спорт басқармасының  ұйымдастыру  бөлімін  басқарған Мұрат Әлиевты, облыстық дене тәрбиесі департаментінің бөлім бастығы Ізбасар Сатыбалдинді,  Аудандық зейнетақы жинақтау қорының меңгерушісі  Ернияз Қалиевты, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Аслан Тобыловты,  әскери самбо күресінен Азия чемпионы Баубек Бердіғалиевты, кәсіпкерлер Аманғали Әзіловты, Төлеген, Мұханбетжан Шәудіровтерді атап айтуға болады. Олар 3 жыл колледжде оқып үздік оқуымен, үлгілі тәртібімен көзге түскен оқушылар.

            Осы кезге дейін колледжде 12955 студент білім алып, жұмысшы мамандықтарын алып шықты.

         Қазіргі уақытта колледжде төмендегі

  • 0801052 – Мұнайға және газға скважиналарды пайдалану және барлау үшін бұрғылаушының көмекшісі;
  • 0801012 – Бұрғылау қондырғыларының моторисі;
  • 0809052 – Мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор;
  • 1114042 – Газбен электрдәнекерлеуші;
  • 1114012 – Дәнекерлеуші (барлық атауларымен);
  • 1211032 – Тігінші;
  • 1304012 – Электронды есептеу машиналарының операторы;
  • 1401022 – Ағаш ұстасы;
  • 1401012 – Тас қалаушы;
  • 1401042 – Сылақшы;
  • 1401142 – Болат жапқыштармен төбе жабушы;
  • 0508012 – Аспаз;
  • 0518012 – Есепші;
  • 1405012 – Газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесары;
  • 1504062 – Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинисі;
  • 1504082 – Автомобиль жүргізуші;
  • 1504102 – Жөндеуші-слесарь

біліктіліктері бойынша мамандар даярланады.

 

Колледж аумағында сыйымдылығы 250 орындық оқу корпустары, мәдени-спорт кешені, 36 орындық жатақхана ғимараттары орналасқан. Оқу корпустарында 12 оқу кабинеті, «Техникалық күтім жасау», «Автомобиль және трактор құрылысы және жөндеу», «Компьютердің құрылысы» зертханалары және «Слесарлық жұмыс», «Ағаш өңдеу»,  «Электр және газбен дәнекерлеу», «Тігін»,  «Тағам дайындау» шеберханалары, кітапхана, мәдени-спорт кешені, 36 орындық жатақхана, медпункт және асхана жұмыс жасайды. Өндірістік оқыту сабақтарына 2-МТЗ-80 дөңгелекті тракторы, Газ-53 жүк көлігі, «УАЗ-322206», «Нива-Шевролет», «Нива ВАЗ-2121», «Ваз-2107» және «SangYong» жеңіл көліктері, «PROTEX», «X Jaguar», «Brother» тігін машиналары, «Jasic MIG 160», «FUBAG INTIG 200 DC» дәнекерлеу аппараттары және т.б. станоктар мен техникалық құрал-жабдықтар  пайдаланылады.

Колледждегі арнайы және жалпы білім беру пәндері кабинеттері интерактивті тақталармен, проекторлармен жабдықталған. 2 компьютер класындағы 32 компьютер жоғары жылдамдықты Internet желісіне қосылған.

Бүгінде колледжде 43 адам еңбек етеді. Педагогикалық ұжымда 14 оқытушы мен 6 өндірістік оқыту шеберлері бар. Оның ішінде жоғарғы санатты - 8, бірінші санатты - 6, екінші санатты - 6.

Оқытушылардың инновациялық қызметінің картасы жасалынып, қолданылатын жаңа технологиялар негізінде ашық сабақтар өтіп, озық тәжірибе тарату мектебі, жас мұғалімдер мектебі, шығармашылық топтар және әдістемелік бірлестіктер жүйелі жұмыстар атқаруда. Олардың сапалы жұмысы оң нәтижесін беруде. Әр мамандық бойынша «Үздік аспаз», «Үздік ағаш шебері», «Үздік дәнекерлеуші» және басқа да  кәсіби шеберлікті шыңдауға арналған байқаулар, көңілді тапқырлар сайысы, пікір-таластар, ашық сабақтар, тақырыптық кештер, пән апталықтары жүйелі өткізіледі. Білікті, білімді кәсіби маман даярлауда өткізіліп жатқан шаралардың  ықпалы зор.

Ұстаздар еңбегінің, ізденісінің нәтижесі студенттердің білім дәрежесінен көрінуде. Колледж студенттері облыстық, облысаралық деңгейде пән олимпиадаларына, ғылыми зерттеу конференцияларына, кәсіби шеберлік сайыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болуда.

Студенттерге мамандықтар берумен қатар түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Колледж студенттері аудандық, облыстық  жарыстарда көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Колледж түлектері арасында облыстың бірнеше дүркін жеңімпаздары, республикалық, халықаралық  жарыстардың  жүлдегерлері, спорт шеберлігіне үміткерлер көптеп табылады.

Қазіргі кездегі колледжіміздің басты мақсаты: қоғам қажеттілігіне сай, білікті мамандар даярлап, еліміздің экономикасын көркейтуге елеулі үлес қосу, білім деңгейі жоғары, ой-өрісі заманға икемді, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау.

WORLDSKILLS  ЧЕМПИОНАТЫ. «Worldskills»-ке қатысу колледжімізде 2017 жылдан басталды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық «WorldSkills – 2017» жарысына қатысушылар:

2016-2017 ОҚУ ЖЫЛЫ

«Дизайн және киімдерді үлгілеу» компетенциясы

  • Тәжібаева Элиза – сертификат;

 

«Дәнекерлеу технологиясы» компетенциясы

  • Берікбаев Жансұлтан – сертификат.

 

 

2017-2018 ОҚУ ЖЫЛЫ

«Аспаз ісі» компетенциясы

  • Иният Нағима – 2 орын (аймақтық);

 

«Дәнекерлеу технологиясы» компетенциясы

  • Таңқин Саят - 3 орын (аймақтық).

 

 

2018-2019 ОҚУ ЖЫЛЫ

Ақтөбе қаласында ағымдағы жылдың наурыз айында дәстүрлі «Worldskills Kazakstan Aktobe-2019» жұмысшы мамандықтар иелерінің үздіктерін  анықтау чемпионаты өтті. Сайысқа тәуелсіз сарапшылар төрағалық  етуге еліміздің әр аймағынан майталман шеберлер шақырылды. Чемпионатқа Байғанин техникалық колледжінен 4 студент қатысты. Сайыста 4 күнге созылды.

         «Аспаз ісі» компетенциясы бойынша

  • Иният Нағима - 3 орын (аймақтық);

         «Дәнекерлеу технологиясы» компетенциясы бойынша

  • Қуанышбеков Айбол - «Үздік маман»;

         «Дизельді двигательді жөндеу және күтім жасау» компетенциясы бойынша

  • Бекназаров Талап - «Үздік маман»;

         «Жеңіл автомобильді жөндеу және күтім жасау» компетенциясы бойынша


  • Ұлықпан Бекзат «Алғыс хатпен» марапатталды.

Колледж студенттері спортта да толағай табыстарға ие болып жүр. «Жөндеуші-дәнекерлеуші»  тобының студенттері Оралов Нұртөре Оралұлы ҚР чемпионатында самбодан қола жүлдегері, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, самбо, дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Шойынбаев Сейтжан  Халықаралық турнирлердің жүлдегері,  самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер, Байғанин ауданының «Үздік жыл спортшысы – 2017». Осындай жетістіктерге жетіп жүрген студенттеріміздің қатарында Серікұлы Жанат, Халық Мейірбек бар.

Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі 3 курс студенті Дүйсекенов Қанат аудандық «Патриоттық әндер» байқауында 1орын алды.

Колледжде ҚР үкіметінің «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай  кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аудан тұрғындарын 2-6 айлық қысқа мерзімді қайта даярлау курстарын оқыту жоспарланды. Осы бағдарлама аясында «Стропалші», «Тігінші», «Шаштараз», «Маникюр», «От жағу операторы» мамандықтарына 90 адам оқытылды. Осы аталған мамандықты бітірушілер «Аккорд», «Таденит», «Сина Медострой»  ЖШС-нде еңбекке орналасты.

2019 жылы бірнеше мамандыққа кәсіби мамандар даярлап, оқытуға мемлекеттік тапсырыспен еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Реестріне енгізілді.